Кешеннің фильм түсіру басқармасының бастығы Гүлзада Қамарованың айтуынша, биыл Елбасының шетелдік сапарларының қорытындысы бойынша «Әлемге көзқарас» деген атаумен деректі фильмдер топтамасын жасау жоспарланып отыр. «Жақын арада біз Елбасының АҚШ-қа, Ұлыбританияға, Бельгия мен Оңтүстік Кореяға сапарлары бойынша фильмдер түсіруді жоспарлап отырмыз және ол фильмдер телерадиокешеннің «алтын қорына» кіретін болады», - дейді Г.Қамарова.
Фильмдерде Елбасы сапармен барған елдердің тарихы, мәдениеті, салт-дәстүрі туралы, сондай-ақ қарапайым азаматтар мен олардың біздің республикамызға деген көзқарастары туралы әңгімеленеді. «Біздің басты міндетіміз - көрермендерге Қазақстанның серіктестері туралы баяндау», дейді Г.Қамарова.
Республикалық телеарналардағы аталмыш деректі фильмдердің көрсетілімдері 2010 жылдың екінші жартысына жоспарланып отыр.