ҚР Президентінің Телерадиокешені мен Сауд ақпарат агенттігі ынтымақтастық туралы меморандум қабылдады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ пен «Сауд Арабиясының ақпарат агенттігі» арасында ақпарат алмасу саласындағы өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құжат бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сауд Арабиясына сапары аясында рәсімделді. Меморандумға «Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадиокешені» КЕАҚ-ның бас директоры Раушан Қажыбаева мен Сауд Арабиясы ақпарат агенттігінің президенті Фахад Бин Хасан Аль Огран қол қойды.

Өзара түсіністік туралы меморандумның мақсаты – екі ел арасындағы өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ете отырып, ақпараттық материалдармен алмасу саласындағы тараптардың ынтымақтастығын дамытуға негіз қалыптастыру. Тараптар ақпараттық материалдармен және фотосуреттермен алмасады. Олар ақпаратты өздерінің ақпараттық ресурстарында пайдалануға құқылы. Екі тарап мемлекеттерінде болып жатқан ресми сапарлар мен маңызды оқиғалардың фотосуреттерімен тегін алмаса алады.

Сауд ақпарат агенттігі 1970 жылы сол кездегі елдің Премьер-Министрінің шешімімен Сауд Арабиясындағы бірінші ұлттық ақпарат агенттігі ретінде құрылған. Агенттіктің негізгі мақсаты жергілікті және халықаралық ақпараттық материалдарды жинап, Сауд Арабиясында және шетелде таратуда орталық орган болу еді.

2012 жылдың мамыр айының соңында Сауд Арабиясы Министрлер кеңесі агенттікті екі тәуелсіз органға бөлу туралы шешім қабылдады. Осылайша, Сауд телевидениесі мен радиосы және Сауд ақпарат агенттігі құрылды.

САА ұлттық, өңірлік және халықаралық деңгейдегі мәселелерді, әсіресе Корольдікпен байланысты оқиғаларды қамтиды. Сонымен қатар елдегі журналистік қызметтің нығаюына септігін тигізеді. Агенттік араб, ағылшын, француз, орыс, қытай және парсы тілдерінде ақпарат таратады. Осы жылдың соңына дейін 10 тілде хабар таратуды жоспарлап отыр.