ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ЭЫДҰ басқару мектептерінің жаһандық желісіне енді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Болатбек Абдрасилов Парижде (Франция) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бас штаб-пәтерінде өткен ЭЫДҰ Басқару мектептерінің жыл сайынғы жиналысына қатысты.

Іс-шара барысында басты тақырып - «Әлемдік деңгейдегі мемлекеттік қызметке арналған дағдылар» талқыланды және оған ЭЫДҰ қатысушы елдері үкіметтерінің өкілдері, халықаралық және ұлттық мемлекеттік басқару мектептерінің, қауымдастықтар мен қоғамдастықтардың өкілдері, ЭЫДҰ Хатшылығының мүшелері және басқалар қатысты. ЭЫДҰ бас хатшысының орынбасары Мари Кивиниемидің, Словенияның вице-премьер-министрі және мемлекеттік басқару министрі Борис Копривникардың, сондай-ақ Ұлыбританияның мемлекеттік қызмет директорының орынбасары Стюарт Беннеттің баяндамалары жиналыс қатысушыларының ерекше назарын аударды.

Мемлекеттік қызметті жаңғырту, мемлекеттік реформаларды іске асырудың халықаралық тәжірибесі, мемлекеттік қызметшілерді оқыту технологиясы мен әдіснамасын жетілдіру, ЭЫДҰ-ның аталған салада инновацияларды ілгерілетудегі рөлі секілді маңызды мәселелер талқыланды.

Академия ректоры Болатбек Абдрасилов «Басқару мектептері мемлекеттік қызметті әлемдік деңгейде қалыптастырудағы әріптес ретінде» тақырыбындағы сессияда баяндама жасап, Академияның оқу-әдістемелік және ғылыми қызметін жаңғырту тәжірибесімен, атап айтқанда мемлекеттік қызметшілерді оқытудың құзыреттілік тәсілге негізделген, практикаға бағдарланған жаңа бағдарламаларын әзірлеу, мемлекеттік органдардың қызметін жетілдіруге бағдарланған қазіргі заманғы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру тәжірибесімен бөлісті.

Бұл әдіс-тәсілдер Еуропалық Одақтың ҚР-дағы Жобасының қолдауымен және ЭЫДҰ қатысушы елдерінің әлемдік жетекші мектептерімен және университеттерімен бірлесіп іске асырылды.

Қатысушылардың назарына Академияның FEI, Дьюк (АҚШ), Оксфорд (Ұлыбритания), ENA, Сорбонна (Франция), DBB Академиясы, Шпайер Университеті (Германия), COTI (Корея) жетекші орталықтарымен бірлескен халықаралық жобаларды іске асыру тәжірибесі ұсынылды, бұл тәжірибе мемлекеттік қызметшілерді оқытудың магистрлік және докторлық бағдарламаларын, біліктілікті арттыру және қайта даярлау курстарын қазіргі заманғы талаптарға сай әзірлеуге мүмкіндік берді.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жоғары кәсіби, дербес мемлекеттік аппаратты қалыптастыру бойынша «100 нақты қадам» бағдарламасы шеңберінде елімізде қабылданатын іс-шаралар туралы ақпараттар қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды.

Аталған іс-шарада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы ЭЫДҰ басқару мектептерінің жаһандық желісіне ресми түрде мүше болып қабылданды. Бұл ұйымға мүше болу мемлекеттік қызметшілерді оқыту әдістерін үздік еуропалық стандарттар деңгейіне жеткізуге, сондай-ақ мемлекеттік қызмет моделін әлемдік деңгейде жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу үшін ЭЫДҰ алаңындағы талқылауларға Академияның белсене қатысуына жәрдемдесетін болады.

Академияның бұл жетістігі Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бес институционалдық реформасы шеңберінде жүзеге асырылатын іс-шаралардың дұрыстығын дәлелдейді және Президенттің Қазақстанға ЭЫДҰ қағидаттары мен стандарттарын енгізу бойынша алға қойған міндеттерін орындауға Академия ұжымының қосқан нақты үлесі болып табылады.