Атап айтқанда, БАӘ-нің WAM ақпарат агенттігі (Emirates News Agency) Жолдаудың араб тіліндегі мәтінін таратып, тәуелсіз мемлекет орнаған күннен бастап Қазақстанның Тұңғыш Президенті жүргізіп отырған көреген әрі теңгерімді экономикалық, сыртқы саяси және конфессияаралық саясатты жоғары бағалады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.
Біріккен Араб Әмірліктерінің «әл-Иттихад» («Одақ») федералдық ресми газеті «Қазақстан Президенті мемлекеттің одан әрі дамуына бағытталған жаңа бастамаларға шақырады» деген мақала жариялады. Аталған мақалада Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің халқына арналған жолдауда геосаяси қысым мен әлемдік нарықтарда дағдарыстардың өршіген жағдайда ішкі, аймақтық және халықаралық аспектілерді ашық түрде қозғап отырған көреген стратег ретінде сипатталды. Сонымен қатар, басылым атап өткендей, Қазақстан Президенті шынайы көшбасшы бола тұрып, өсіп бара жатқан тұрлаусыздық жағдайында қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыру мен халықаралық қауіпсіздікті нығайту мақсатында дұрыс шешімдер қабылдауда және алдағы жылдарға ел экономикасының қарқынды өсу көкжиектерін дәл белгілеуде.
Елдің тағы бір жетекші басылымы - «әл-Баян» («Жаршы») газеті достас Қазақстанның дамуындағы жаңа кезеңнің белгісі болып саналатын 2015 жылға арналған құжаттың әлеуметтік-экономикалық бағытына ерекше назар аударды.
Дубай Әмірлігінің ресми басылымы Мемлекет басшысының «Жаңа экономикалық саясатқа сәйкес, көлік желісі мен инфрақұрылымды дамытуға, атап айтқанда жаңа автомобиль, темір жол мен әуе магистральдарын салуға ерекше көңіл бөлінеді» деген сөзін келтіре отырып, ұтымды шешімнің стратегиялық тереңдігін атап өтті. «әл-Баян» газеті өз оқырмандарының назарын Қазақстан одан әрі транзиттік инфрақұрылымның әлемдік желісіне қосылып, әлемдік геоэкономиканың маңызды мүшесіне айналатындығына аударды.