Құжатқа ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева мен Aju News Corporation компаниясының төрағасы әрі негізін қалаушы Квак Ён Гиль қол қойды.
Келісім аясында тараптар медиа құрылымдар арасындағы кәсіби байланысты дамытуға, ақпарат алмасуды кеңейтуге, телевизия, цифрлық медиа және мультимедиялық контент саласында бірлескен жобалар жасауға ниетті.
Раушан Қажыбаеваның айтуынша, Телерадиокешен бұл ынтымақтастықты сапалы халықаралық медиа диалогты дамытуға бағытталған ұзақ мерзімді инвестиция ретінде қарастырады.
– Біздің серіктестігіміздің басты бағыты – қазақстандық және кореялық кең аудиторияға қызықты контент өндірудің заманауи тәсілдерімен алмасу, – деді ҚР Президенті Телерадиокешенінің директоры.
Квак Ён Гильдің айтуынша, бұқаралық ақпарат құралдары Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы сенімді көпірге айнала алады.
– Кәсіби тәжірибе алмасу, бірлескен ақпараттық жобалар және мәдени бастамаларды ілгерілету арқылы медиа біздің елдер арасындағы әріптестік пен сенімді нығайтуға елеулі үлес қоса алады, – деп атап өтті Aju News Corporation төрағасы.
Меморандумды іске асыру Қазақстандағы маңызды жаңалықтардың Азия ақпараттық кеңістігіне тарауын кеңейтеді, сондай-ақ екі ел аудиториясына Қазақстан мен Корея Республикасының әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дамуы туралы ақпараттармен кеңірек танысуға мүмкіндік береді.
Кореялық БАҚ-пен ынтымақтастықты дамыту ҚР Президенті Телерадиокешенінің халықаралық серіктестер аясын кеңейту және Атлант мұхитынан Тынық мұхитына дейінгі құрлықта бірыңғай серіктестік желісін құру жөніндегі кешенді бағдарламасының бір бөлігі саналады.
Айта кетейік, қазіргі уақытта ҚР Президенті Телерадиокешенінің халықаралық серіктестік желісіне әлемнің әртүрлі өңірлерінен шамамен 70 шетелдік медиа құрылым кіреді. Олардың қатарында CMG, ТАСС, Al Jazeera, Yonhap, Kyodo, Jiji Press, Agenzia Nova, Anadolu Agency, ANI, Associated Press of Pakistan, БРИКС ТВ және басқа да БАҚ-тар бар.
Анықтама:
ҚР Президентінің Телерадиокешені – барлық медиажүйелерде медиаконтент өндіру мен таратудың толық циклін қамтитын Қазақстандағы ең ірі тік интеграцияланған медиакомпания. Компания құрамына Jibek Joly телеарнасы мен Jibek Joly радиосы, Silk Way, Silk Way Cinema, Silk Way Prime халықаралық арналары, Kazinform халықаралық ақпарат агенттігі, Деректі кино орталығы және TRKLAB цифрлық бөлімшесі кіреді.
Aju News Corporation – Кореядағы ірі медиаконгломераттардың бірі. Оның құрамына паназиялық Aju Press ақпарат агенттігі, Кореядағы алғашқы салалық экономикалық AI Business Channel телеарнасы, Dongbangseong медиа платформасы, Aju Business Daily, Economic Daily, Aju Law & Politics цифрлық және баспа басылымдары, сондай-ақ жеке жасанды интеллект зертханасы кіреді. Компания материалдары корей, ағылшын, қытай, жапон және вьетнам тілдерінде жарияланады. Ол Оңтүстік Корея мен Азия елдеріндегі саяси, экономикалық, индустриялық және мәдени оқиғаларды қамтиды.