Еліміз үшін маңызды болып табылатын шара - 3 сәуір күні кезектен тыс Президент сайлауының өтетіндігіне орай, бұл жолы ҚР Президенттігіне 4 үміткердің республикалық штаб жетекшілері клубтың басты қонақтары болды.Отырысты клубтың жетекшісі Нұрлан Ерімбетов жүргізді. Клубтың қонақтары АйтПарктің сұрақтарына жауап берді. Негізгі әңгіме сайлау төңірегінде өрбіді.
Штаб жетекшілері өздерінің сайлауалды науқанындағы атқарылған іс-шаралармен бөлісіп, үміткерлердің бағдарламаларымен таныстырды.
«ҚР Президенттігіне үміткер Мелс Елеусізов еліміздің батыс өңірінен басқа барлық жерінде болды. Насихат жұмысына шетелдік кеңесшілер тартылған жоқ, дегенмен, сайлауалды іс-шаралар өз деңгейінде жүргізілді. Біздің ең басты мақсатымыз экологияны жақсарту, әрине, бірінші орында халықтың жағдайы тұрады»,-деді ҚР Президенттігіне үміткер Мелс Елеусізовтың республикалық штаб жетекшісі Нұржан Ошанбеков.
Н.Назарбаевты қолдау жөніндегі Алматы қалалық штаб жетекшісі, экономика ғылымдарының докторы, профессор Рахман Алшанов отырыс барысында Нұрсұлтан Назарбаевтың ең көп дауыс жинайтындығына сенім білдірді. «Халық дұрыс таңдау жасайды деп сенемін. Біздің бағдарламамыз айқын да, жарқын. Біздің кандидатымыздың басты мақсаттарының бірі - 2020 жылға дейін, мақсатты экономикадан кету, инновациялық дамуды арттыру, ауылды жерлерге таза су жеткізу, әлеуметтік салада жалақыны көтеру, ұлтаралық келісім саясатын ары қарай жалғастыру, сонымен қатар, халықаралық қатынастар саласында ел беделін одан әрі көтеру болып табылады»,-деп атап өтті ол.
«Егер біздің үміткер сайлауда жеңіп шығатын болса, халықтың жағдайы жақсарады, ең алдымен әйелдер қауымына көңіл бөлінетін болады. Әйелдер 55 жасында зейнеткерлікке шығады»,-деді ҚР Президенттігіне Патриоттар партиясынан үміткер Ғани Қасымовтың республикалық штаб жетекшісі Гүлдана Нұрпейісова.
Ал, ҚР Президенттігіне Қазақстан Комунистік халықтық партиясы атынан үміткер Жамбыл Ахметбековтың республикалық штаб жетекшісінің орынбасары Александр Холотков өз кандидатына қарпайым жұмысшылар мен жастар дауыс беретініне сенім білдірді.
Отырыс соңында клуб қонақтары президенттік сайлаудың әділ өтетініне сенімдерін білдіріп, барша қауымды дауыс беруге шақырды.