Үш кезеңмен өткен сынақ барысындағы кандидаттың нәтижесін ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков жария етті.
«Бірінші жазба жазба жұмысында сіз «Әлемдік дағдарыс және Қазақстан экономикасы» деген тақырыпты таңдадыңыз. Өкініштісі, екі бет жазба жұмысында 92 қате жіберіліпті, оның ішінде мемлекет деген сөз дұрыс жазылмаған», - деді комиссия төрағасы.
Оның атап өтуінше, екінші кезеңде Б.Момышұлының шығармашылығын таңдаған кандидат үш беттік мәтінді ежіктеп оқыған.
«Сіздің оқу мәнеріңіз әлсіз, түсініксіз сөздер көп болды. Сондықтан бұл да мемлекеттік тілді толық меңгермегеніңіздің дәлелі», - деді М.Жолдасбеков.
Комиссия төрағасының сөзіне қарағанда, үшінші кезеңде президенттікке үміткерге «Ел бірлігі - ел арқауы» деген тақырыпта 15 минут көсіле сөйлеуге мүмкіндік берілген.
«Бірақ олай сөйлей алмадыңыз, 15 минуттың орнына 9 минут қана сөйледіңіз. Сөйлемдеріңіздің логикалық байланысы да әлсіз болды. Адам түсінбейтін сөйлемдер қолдандыңыз. Мәселен, өзім жазып алған қағазымда сіз «ел бірлігі деген ұғым дамып, халықтың санасына сіңірген еңбегі көп», дейсіз.. Қысқасы, лингвистикалық комиссия Сырғабаев Асқар Жорабайұлы мемлекеттік тілді меңгере алмаған деген қорытынды жасады», - деді М.Жолдасбеков.