Кездесу барысында ол өзінің сайлауалды тұғырнамасы туралы кеңінен әңгімелеп берді. М.Елеусізовтің атап өтуінше, бағдарламасында экология мәселесіне баса назар аударылған. Өйткені қазіргі таңдағы негізгі экологиялық проблемалардың бірі климаттың жаһандық жылынуы болып отыр. «Қазір климаттың өзгеруі бойынша өте қауіпті процестер жүруде. Жер температурасы 0,5 градусқа көтерілді. Климаттың жылыну проблемасы - атом соғысынан да қорқынышты өте қауіпті жағдай», - деді Президенттікке кандидат.
Сондай-ақ ол өзінің сайлауға барлық қоғамның, оның ішінде билік басындағылардың назарын климаттың жылынуы проблемасына аударту мақсатында түскендігін баса айтты.