ҚР Президенттігіне кандидат Н. Назарбаевты қолдау жөнінде Алматы қаласында 8 штаб құрылды

АЛМАТЫ. 16 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Кеше Алматыда қала әкімі, «Нұр Отан» ХДП Алматы қалалық филиалының төрағасы Ахметжан Есімов ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөніндегі Алматыдағы сайлау алдындағы қоғамдық штабтың жұмысы жөнінде ұйымдық кеңес өткізді.

Қала басшысының айтуынша, үгіт- насихат жұмыстары үстіміздегі жылдың 3 наурызында басталып, 1 сәуірде аяқталатын болады.

«ҚР Президенттігіне кандидат Нұрсұлтан Назарбаевты қолдау жөнінде Алматы қаласында 8 штаб құрылды, оның 7-і аудандық, ал 1-і қалалық. Қалалық штабты «Тұран» университетінің ректоры, экономика ғылымының докторы, профессор Рахман Алшанов басқарады. Штабтың құрамына Алматы қаласының беделді де танымал адамдары, білім, өндіріс, әлеуметтік сала, БАҚ, ардагерлер мен жастар ұйымдарының өкілдері енетін болады»,-деді қала әкімі.

Кеңесте Алматы әкімі Ахметжан Есімов Қазақстан өзінің ЕҚЫҰ-ына төрағалық жасау миссиясы рөлін өте жоғары деңгейде атқарғандығын, 7-қысқы Азия ойындарын ойдағыдай өткізіп, әлемдік қоғамдастықта үлкен беделге ие болғандығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар ол өзінің атына Азия Олимпиада кеңесі Президентінен алғыс хат келгендігін, мәртебелі лауазым иесінің Алматыдағы ақ Азия ойындарының ұйымдастырылуы мен өткізілуіне жоғары баға бергендігін айтты. Сондай-ақ қала басшысы, сайлау барысында қазақстандықтардың басым көпшілігінің қазіргі Мемлекет басшысын ерекше қолдайтындығына сенімін білдірді.