ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үш кезеңмен өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау үш кезеңмен өтеді. Бұл туралы бүгін ҚР Президенттігіне кандидаттарды мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның төрағасы Мырзатай Жолдасбеков мәлім етті.

«Бүгін біз сынаққа түсетін сұрақтардың барлығын бекіттік. Ол үш кезеңнен тұрады. Президенттікке кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгерген деңгейін анықтау үшін біріншіден, кандидат осы лигвистикалық комиссия ұсынған тақырыптардың бірін таңдап, көлемі 2 беттен аспайтын жазбаша жұмыс жазады. Оны жазуға бір сағат уақыт беріледі. Егер біздің кандидат берілген уақыттың аз екендігін айтар болса, онда комиссияның тағы жарты сағат қосуға құқы бар. Одан артық уақыт берілмейді», - деді М.Жолдасбеков.

Оның атап өтуінше, екінші кезеңге лингвисткалық комиссия бекіткен қазақтың классик қаламгерлерінің кітаптары бар. Президенттікке кандидат сол кітаптардың бірін таңдап, көлемі үш баспа беттен аспайтын мәтінді ырғағына келтіріп оқиды.

«Одан өткеннен кейін лингвистикалық комиссия бекіткен тақырыпқа байланысты дайындалып, 15 минут соның төңірегінде еркін сөйлеуі тиіс және оған дайындалуға да комиссия 1 сағат уақыт береді. Осы үлкен үш сынақтан кандидат өткеннен кейін комиссия өздеріне бекітілген бөлмеде бас қосады. Кандидаттардың табысы мен кемшілігін талқылап, президент болуға лайықты ма, өзінің мемлекеттік тілін меңгерген бе, өз ана тілін бағалайтын адам ба, деген мәселелерді талқылап, қорытынды шығарады», - деді комиссия төрағасы.