«2015 жылғы 7 наурызда Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Қанат Тоқтарұлы Жұманның мемлекеттік тілді еркін меңгергендігін анықтау жөніндегі лингвистикалық комиссияның отырысы болды», делінген хабарламада.
Өткізілген емтихан нәтижелері бойынша, лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен Қазақстан Республикасының президенттігіне үміткер Жұман Қанат Тоқтарұлының мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деген шешім қабылдады. Комиссияның төрағасы М.Жолдасбеков бірінші жазбаша тапсырмада кандидат өзі таңдаған «Менің елім - менің жерім» тақырыбын аша алмағанын, ойын нақты және жүйелі жеткізе білмегенін айтты. «Жалпы, кандидат 31 орфографиялық, стилистикалық және пунктуациялық қате жіберді. Екінші тапсырма бойынша, Абай Құнанбайұлының өлеңін оқу кезінде бірқатар орфоэпиялық норманы бұзғандықтан, оқылған үзінді мағынасының қабылдануын қиындатты және дауыс ырғағына салып, мәнерлеп оқи алмады. Жұман Қанат Тоқтарұлы қазақ тілінде бірде-бір поэзияның жатқа айтып бере алмады. Үшінші тапсырмада комиссия белгілеген көпшіліктің алдында 15 минут сөз сөйлеудің орнына кандидат 5 минут сөйледі, өз ойын байланысты, жүйелі және қисынды түрде еркін жеткізе алмады. Әдеби тіл нормаларынан жұрдай және сөздік қоры аз. Нәтижесінде лингвистикалық комиссия үміткер мемлекеттік тілді еркін меңгермеген деп бірауыздан шешім қабылдады», - деп атап өтті комиссия төрағасы. Лингвистикалық комиссияның отырысына Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Л.Ж.Сүлеймен қатысты.