ҚР Президенттігіне үміткерлердің соңғы әрі нақты тізімі 24 ақпан күні жарияланады - ОСК төрағасы

АСТАНА. 21 ақпан. ҚазАқпарат /Асқар Бимендин/ - Жексенбі, 20 ақпан күні түн ортасында ҚР Президенттігіне кандидаттыққа үміткерлерден құжат қабылдау аяқталды, барлығы 22 адам құжат тапсырса, оның ішінде 4 әйел адам бар.

Бұл туралы ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауын өткізу мен дайындық жұмыстарын ұйымдастыру мәселелері жөнінде өткен бүгінгі республикалық семинар-кеңес барысында Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Төрағаның айтуынша, ҚР Президенттігіне кандидат 22 үміткерден, соның ішінде саяси партиялар ұсынған - үш, қоғамдық бірлестіктер ұсынған - бір, өзін-өзі ұсыну тәртібімен он жеті адамнан құжат қабылданды.

Оның айтуынша, Орталық сайлау комиссиясы 25 ақпанға дейін үміткерлердің Конституция нормалары мен ҚР-дағы сайлау заңнамасына сәйкес келетіндігін анықтауды, қол қою парақшаларын тексеруді аяқтап, президенттікке үміткерлікті жалғастыратын адамдардың санын жария етуі керек. «24 ақпан күні біз президенттікке үміткерлер жайлы ақпарат беретін боламыз», - деді ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.

Сонымен қатар, ұсынылған кандидаттарды тіркеу 2011 жылдың 2 наурызы күні аяқталуы тиіс.

Естеріңізге сала кетейік, есеп бойынша ҚР Президенттігіне үміткер 22-кандидат болып Алматының 58 жастағы кәсіпкері, мұнайгаз саласының консультанты Серік Сапарғалиевтың есімі тізімделді.