ҚР Президенттігіне үш үміткер қажетті құжаттарды тапсырмады - ҚР ОСК

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР Президенттігіне үш үміткер еліміздің Орталық сайлау комиссиясына қажетті құжаттарды тапсырмады. Осыған орай бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясының отырысында оларды тіркеуден бас тарту туралы қаулылар қабылданды.

Қаулы жобасын таныстырған ҚР ОСК хатшысы Бақыт Мелдешевтің сөзіне қарағанда, үміткерлер Л.Қойшиева, Қ.Тұрагелдиев және Х.Қожа-Ахмет Орталық сайлау комиссиясына «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңының 59 бабы 7 тармағының 3 тармақшасында қарастырылған барлық қажетті құжаттарды тапсырмаған. Осыған байланысты ҚР Орталық сайлау комиссиясы аталған үміткерлерді ҚР Президенті сайлауына кандидат ретінде тіркеуден бас тарту туралы қаулылар қабылдады.