ҚР Президенттігінен үміткер Ғани Қасымов Алматыда мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды

АТЫ. 15 наурыз. ҚазАқпарат /Әйгерім Әмір/ - Бүгін ҚР Президенттігінен үміткер Ғани Қасымов Алматыдағы 28 панфиловшылар саябағындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды.

Сондай-ақ, ол әскерилермен және ауған соғысы ардагерлерімен кездесті.

«Біз көктем мерекелері алдында бүгінде қатарымызда жоқ батырлардың рухына арнап гүл шоқтарын қойып отырмыз. Қазіргі таңда экономика саласы жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Міне, осы күнге жеткізген, бүгінгінің жарқын болашағын бізге сыйлаған батырлардың рухы үшін, олардың ерлігін ұмытпауымыз керек. Сайлау алдында мен осы мәселені барлық жас ұрпаққа, қала тұрғындарына жеткізгім келді. Елімізде осындай саябақтар саны көбейіп келеді. Мысалы, Шымкент, Ақтөбе қалаларында осындай орталықтар бой көтеріп жатқанын мен өз көзіммен көрдім. Қандай жағдай болмасын біз өткенімізді, тарихымызды ұмытпауымыз керек. Осындай ізгі мақсатқа жастарды шақыруымыз керек. Олардың есіне өткен кезеңдерді салып отыруымыз керек.Алда келе жатқан Наурыз мерекесінде біз бір-бірімізге жақсылық, молшылық тілейміз. Осындай жарқын күнге жеткізген осы азаматтарды жадымыздан шығармайық»,-деді Ғани Қасымов.

Сондай-ақ Ғани Қасымов бірқатар әскерилер мен ауған соғысы ардагерлерінің ұсыныс-тілектерін тыңдады. Олардың бүгінгі таңдағы жағдайларымен танысты.