ҚР Президенттігінен үміткер Жамбыл Ахметбеков елордадағы №38 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді

АНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгінгі күн Қазақстанның өркениетті елдердің қатарына қосылуына бастар жолдың тағы бір қадам болып саналады.

Бұл пікірді бүгін елордадағы №38 сайлау учаскесіне өз отбасымен келіп, дауыс берген ҚР Президенттігіне кандидат Жамбыл Ахметбеков білдірді.

Өз өмірінде талай сайлауға қатысқандығын атап өткен ол, бүгінгі сайлаудың өте ерекше екендігін тілге тиек етті. Оның себебін сайлауға президенттікке кандидат ретінде қатысып отырғандығынан емес, осы сайлау арқылы өзіне үлкен міндет жүктелгендігін сезінгендіктен екендігін айтты.

«Сайлаудың нәтижесі қалай болса да, біздің Қазақстанымыз, еліміз өсіп-өркендеуге бет бұрған екен. Яғни, осы бағыттан қайтпайтындығын біржолата білдім. Біздің халқымыздың, сайлаушыларымыздың, елдің жағдайы жақсы болады деп ойлаймын. Ынтымақ, ырыс, берекенің барлығы осы бүгінгі күннен басталады. Бүгінгі күн Қазақстанның өркениетті елдердің қатарына қосылуына бастар жолдың тағы бір қадам болып саналады», - деді ол.