деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Президенттік мәдениет орталығында Елбасының және Астана қаласының туған күнін атап өту жыл сайын игі дәстүрге айналған. Астана қаласының 11 жылдық мерейтойына орай биыл да бұл дәстүр одан әрі жанданып өз жалғасын тауып отыр. Астананың кешегісі мен бүгінгісін айшықтайтын «Елбасы және Елорда» көрмесінің басты ерекшелігі - Елбасының Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің негізін салудағы қажыр-қайраты мен елорданы орнатудағы ерен еңбегін жан-жақты ашып көрсету. Онда қаланың тарихынан сыр шертетін көркем фотосуреттер қойылатын болады.
Көрменің салтанатты ашылуынан кейін, белгілі ақын Несіпбек Айтұлының «Бәйтерек» поэмасының негізінде дайындалған музыкалы-поэтикалық спектакль назарға ұсынылады. Спектакльдің сценарийін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, танымал түркітанушы-ғалым Мырзатай Жолдасбекұлы жазған, режиссері - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сәулебек Асылханұлы.
Қойылымның басты ерекшелігі - тәуелсіздігіміздің символы, ел тілегін тоғыстырған елорданы Сарыарқаның төріне орнатудағы Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тарихи шешімі мен ерлікке толы еңбегін, осы жолдағы Президенттің терең толғанысын, жан тебіренісін сахналық көркем тілмен бейнелеу. Елбасы бейнесін сахнаға талантты жас актер Қуандық Қыстақбаев алып шығады. Жырау рөлін Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Оразбаевсомдаса, Абылай ханды «Ұлттық дәстүрлер театрының» әртісі Жанқалдыбек Төленбаев ойнайды.
Салтанатты шараға ҚР Парламентінің депутаттары, ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігі, Астана қаласының әкімдігі, сондай-ақелімізге белгілі ғылым, білім, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысады деп күтілуде.