ҚР Президенттік мәдениет орталығында Астана күні мерекесі қарсаңында «Елбасы және Елорда» атты көрме ашылды

АНА. Шілденің 1-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кеше ҚР Президенттік мәдениет орталығында жаңа Астананың қалыптасуы мен дамуының тарихи деректерінен құралған «Елбасы және Елорда» атты көрменің салтанатты ашылуы болды,

 деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Президенттік мәдениет орталығының директоры Мырзатай Жолдасбековтың айтуынша, аталмыш орталықта Елбасының және Астана қаласының туған күнін атап өту жыл сайынғы игі дәстүрге айналған. Астана қаласының 11 жылдық мерейтойына орай биыл да бұл дәстүр одан әрі жанданып өз жалғасын тауып отыр. Көрменің басты мақсаты - Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің негізін салудағы қажыр-қайраты мен елорданы орнатудағы ерен еңбегін жан-жақты ашып көрсету. Онда Астана қаласының кешегі мен бүгінгі жарқын келбеті салыстырмалы түрде көркем суреттермен берілген.

Тарихи суреттермен бірге сондай-ақ елорданың әлемдегі ең жас та танымал астаналардың бірі екенін және осы қаланың негізін қалауда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың рөлі жайында баяндайтын кітаптар көрмесі назарға ұсынылды.

«Ақсақалды ағаларымыздың өтініш-тілектері бойынша ұйымдастырылған көрме биыл үшінші рет ашылып отыр. Астана бүгінде тек саяси орталық қана емес, сонымен қатар бүтін елдің, халықтың рухани орталығы», - деді М.Жолдасбеков.

Көрменің ашылуына ҚР Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Астана қаласы әкімдігінің өкілдері, ғылым, білім, мәдениет және өнер саласының елімізге белгілі қайраткерлері қатысты.