ҚР Президенттік мәдениет орталығында «Дала әуендері» көрмесі ашылады
деп хабарлады орталықтың баспасөз қызметінен.
Гобелен өнерінің түрлі әдістері мен тәсілдерін меңгерген дарынды үш суретші - Гүлшәт Жураеваның, Айгүл Қырықбаеваның және Күлжахан Оңғарованың шығармалары республикалық және халықаралық көрмелерге қойылған.
Олар бүгінде халық өнерін дамыту үшін бір топқа біріккен. Суретшілер өз шабыттарын дәл осы халық шығармашылығынан тауып отыр. Алайда, ортақ көзқараста болғанымен, әрқайсысы көркемөнерде өзіндік қолтаңбасы бар және әлемге деген өз көзқарасы қалыптасқан жеке тұлғалар.
Гүлшәт Жураева өз шығармашылығында абстракті мәнерге басымдық береді. Ол өз гобелендерінде дәстүрлі өнердің жаңа мүмкіндіктерін көрсетеді және сонымен қатар сөзбен жеткізе алмайтын ерекше тартымдылығын сақтап қалады. Суретші табиғат сарындарына жиі жүгінеді және гобелен өнерінің сәндік-өрнектік дәстүрінің мол мүмкіндіктерін пайдалана отырып, өз көзқарасын білдіреді. Түстер мен реңктердің үйлесімі ашық, естен кетпес образдарды құрайды.
Айгүл Қырықбаева - тума табиғатынан суретші-романтик. Оның да абстракті мәнерде орындалған туындылары ерекше сазды. Суретші өз еңбектерінде ғасырлар бойы қалыптасқан түстер мен белгілердің күрделі символикасына ден қояды. А.Қырықбаева фактура мәнерлілігін белсенді түрде пайдаланады - кенептерінің бедерлілігі негізгі көркемдік құралдарының бірі.
Күлжахан Оңғарованың әсем композицияларын образдарының сыршылдығы мен нәзіктігі өзгешелеп тұр. Суретші не салса да: қазақтың ұшы-қиыры жоқ кең даласы мен оның бірегей ландшафты болсын немесе халық тұрмысының реңктерге бай көріністері болсын - барлық туындылары терең астарлы мәтінімен және көптеген нәзік нюанстары ерекшеленіп тұрады. Ал түстердің нәзік градациясы кез келген, тіпті көзге көрінбейтін эмоцияларды мәнерлеуге қабілетті.