ҚР Сенат Төрағасы Польша Республикасының Қазақстандағы Елшілігінде болып, қайғыларына ортақтасып көңіл айтты

АСТАНА. Сәуірдің 13-і. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған бір топ палата депутаттары Польша Республикасының Қазақстандағы елшілігінде болды,

деп хабарлайды Сенаттың баспасөз қызметі.

Төраға Польшаның біздің еліміздегі дипломатиялық миссиясының өкілдері мен бүкіл поляк халқына Польша Республикасының Президенті Лех Качиньскидің, оның зайыбы Мария Качиньсканың, Сенат және Сейм депутаттарының, сондай-ақ Польшаның жоғары лауазымды адамдарының қайғылы жағдайда қаза болуына орай көңіл айтты.

«Сіздердің қайғыларыңызды бөлісе отырып, Смоленск маңында болған әуе апатынан қаза болғандардың отбасыларына, туыстары мен жақындарына көңіл айтамыз»,-деді Қ.Тоқаев.

Одан басқа төраға өзінің польшалық әріптесі - Польша Сенатының басшысы Богдан Борусевичке көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары 2007 жылғы Астанаға ресми сапары барысында Президент Качиньскимен кездесуін жылы шыраймен еске алады. Польша басшысы біздің жадымызда өз өмірін Отанына және польша халқына қызмет етуге арнаған көрнекті саяси қайраткер және патриот болып қалады»,-делінген жеделхатта.