ҚР Сенат Төрағасының орынбасары Италия сенаторымен кездесті

None
АСТАНА. Мамырдың 6-сы. ҚазАқпарат. Бүгін Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпеев Италия Сыртқы істер министрінің орынбасары, сенатор Альфредо Мантикамен кездесті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат Сенаттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.Кездесу барысында М.Көпеев Қазақстан-Италия қарым-қатынастарының қарқынды сипатын атап өте келіп парламентаралық деңгейдегі байланыстарды одан әрі белсенділендіру жайында әңгімеледі.Парламенттегі жоғарғы палатада Италия Сенатымен ынтымақтастық тобы жұмыс істейді. «Қазақстан Италияны сенімді саяси әрі экономикалық әріптес ретінде қарастырады. Біздің елдерімізді аймақтық және жаһандық саясаттағы көптеген өзекті мәселелерге бірдей қадамдар біріктіреді», деді төраға орынбасары.М.Көпеевтің айтуынша, екі мемлекет арасындағы экономика, саясат саласы секілді өзара гуманитарлық қарым-қатынастарда да ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде Қазақстан мен Италия зор мүмкіндіктерге ие болып отыр. Төраға орынбасары 2010 жылы ЕҚЫҰ-на төрағалық етуге Қазақстанның кандидатурасын Италия Республикасының қолдағанына ризашылық білдірді және екі елдің ЕО, БҰҰ, ЕҚЫҰ және басқа да халықаралық ұйымдар аясындағы өзара іс-қимылды нығайту жайында айтты.А.Мантика өз кезегінде Қазақстан-Италия қарым-қатынастарының дамуын оң бағалады және Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылы Италияға жасалатын ресми сапары екі ел арасындағы байланыстарды одан әрі өрістетуге тың серпін беретінін атап өтті.Италия дипломатының пікірінше, парламенттік дипломатия мемлекетаралық қарым-қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқарады. Сондықтан, ынтымақтастық топтары арасындағы өзара іс-қимылдың белсенділенуі парламенттік құрылымдардың қызметімен жақынырақ танысуға, заң шығару жұмыстары бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.