Он күнге жалғасатын халықаралық шахмат мерекесіне 12 мемлекеттен 600-ге жуық қатысушы жиналды.
Турнирдің салтанатты ашылу рәсіміне Халықаралық шахмат федерациясының (ФИДЕ) президенті Кирсан Илюмжинов, Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті Жандос Әбіш, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене тәрбиесі комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов, Астана шахмат федерациясының президенті Абылай Тастамбеков қатысты.
«Барлық шахматсүйер қауымды Халықаралық шахмат күнінің 50 жылдығымен құттықтаймын. Шахмат - ЮНЕСКО халықаралық күн жариялаған жалғыз спорт түрі. Дәстүрге айналған Astana Open турнирі әлемнің көптеген елдеріне белгілі. Биыл Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» көрмесін де ерекше атап өткім келеді. Шет мемлекеттерден келген қатысушылар халықаралық көрмені тамашалау мүмкіндігіне ие болды», - деді Кирсан Илюмжинов.
Сондай-ақ, салтанатты ашылу барысында Қазақстан Шахмат федерациясының вице-президенті Жандос Әбіш ФИДЕ басшысы Кирсан Илюмжиновты «Жеңіс» орденімен марапаттады. Өз кезегінде, ФИДЕ басшысы «Қазақ Шахмат федерациясына қызмет етемін!» деп ант берді және әлемнің 1 миллиард халқы шахмат ойнауды үйренгенде ғана өзін нағыз жеңімпаз деп санайтынын жеткізді.
«Бірнеше жыл бұрын алдымызға ерекше мақсат қойып едік, 2020 жылға дейін әлемнің 1 миллиард халқы шахмат ойнауды үйренсе деп армандадық. Көп ұзамай сол арманымыз орындалатын тәрізді. Оған Қазақстан шахмат федерациясының қосқан үлесі зор. Бүгін таңертең гроссмейстер Динара Сәдуақасованың шахмат академиясына бардым, екі сағат бұрын демеушілердің қаражатына құрылған Астана шахмат клубының тұсаукесеріне қатыстым. Соңғы жылдары қазақстандық шахматшылардың деңгейі айтарлықтай көтерілді», - деп атап өтті Илюмжинов.
Astana Open -2017 аясында 22-26 шілде күндері Қазақстан шахмат федерациясы ФИДЕ төрешілеріне арналған семинар өткізеді. Онда ережелер бойынша ФИДЕ комиссиясының төрағасы, ФИДЕ дәрісшісі, халықаралық төреші Ашот Вардапетян тренинг өткізеді.
1924 жылы 20 шілдеде Париж қаласында Әлемдік шахмат федерациясының негізі қаланды. Ал 1966 жылы ЮНЕСКО бұл күнді Халықаралық шахмат күні деп жариялады. Бүгінде шахмат - ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтетін жалғыз спорт түрі.