ҚР шекарашылары Мәскеудегі қолма-қол ұрыс бойынша XX халықаралық турнирде жалпыкомандалық ІІ орынды жеңіп алды

АСТАНА. 10 маусым. ҚазАқпарат - Мәскеуде Ресей ФҚҚ Голицын шекара институтының спорт базасында Ресейдің күш құрылымдары және ТМД елдері шекара мекемелерінің командалары арасында қолма-қол ұрыс бойынша XX халықаралық турнир өтті.

Бұл туралы ҚР ҰҚК Шекара қызметінің баспасөз қызметінен хабарлайды.

Халықаралық аренада Қазақстан Республикасы ҰҚК Шекара қызметінің намысын 11 адам қорғады. Жарысқа 22 команда қатысты, соның ішінде 4-еуі - ТМД елдерінен - Армения, Беларусь, Қазақстан және Ресейден. Бұл дегеніміз 100-ден астам жауынгер шекарашылар.

Қазақстан құрамасының мүшелері жоғары спорттық рух пен жеңіске деген жігер танытты. Нәтижесінде біздің шекарашылар жалпыкомандалық ІІ орынды иеленді.

Жекелей сында Қазақстан шекарашыларының қоржынында - 2 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль бар.

75 кг дейінгі салмақ дәрежесінде - I орынды ҚР ҰҚК Шекара қызметінің 2029 әскер бөлімінің әскери қызметшісі сержант Темірлан Ысханғалиев алды. 90 кг дейінгі салмақ дәрежесінде «алтын» жүлдені ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасы 2020 әскер бөлімінің әскери қызметшісі сержант Нұрсұлтан Таласов иеленді. 60 кг дейінгі салмақта - «күміс» ҚР ҰҚК ШҚ «Шығыс» аймақтық басқармасының 2101 әскер бөлімінің әскери қызметшісі сержант Берік Шынәлиевте. 80 кг дейінгі дәрежеде II орынды ҚР ҰҚК ШҚ «Шығыс» аймақтық басқармасының 2534 әскер бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Нұрлан Тілембетов алды. 70 кг дейінгі салмақ дәрежесінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің «Оңтүстік» аймақтық басқармасының 2020 әскер бөлімінің әскери қызметшісі кіші сержант Данияр Омаров «қола жүлдегер» атанды.