Ағымдағы жылды қорытындылаған сыртқы саясат ведомствосының басшысы Е. Ыдырысов 2013 жылы негізінен еліміздің сыртқы саясаты үшін жаңа бағыттармен өзара қарым-қатынасты дамытуға баса назар аударылғанын атап өтті. Бұлар Африка және Латын Америкасы бағыты болып табылады.
«Осыдан бірнеше апта бұрын Мемлекет басшысы Оңтүстік Африка Республикасында біздің елшілігімізді ашу туралы Жарлыққа қол қойғаны белгілі. Ал келесі жылы біз Эфиопияда елшілік ашуды жоспарлаймыз. Жалпы алғанда Оңтүстік Африка Республикасы маңызды саяси, экономикалық рөлге ие болып табылады. Ол - «G20» тобының мүше-мемлекеті. Ал Эфиопия - қуатына мініп келе жатқан өңірлік держава ретінде ғана емес, Африка құрлығының саяси астанасы ретінде тартымды ел», - деді Е. Ыдырысов. Осы ретте сыртқы саясат ведомствосының басшысы ағымдағы жылы Қазақстанның Африкалық Одақта бақылаушы ел мәртебесін алғанын тілге тиек етіп, мұның елдік саяси, экономикалық мүддені ілгерілетуде көп септік болатынын атап өтті.
«Бұнымен қоса, Қазақстан үшін Латын Америкасы бағытында да жағымды перспективалар ашылмақ. Оның ішінде Бразилия, Чили, Аргентина мен Мексика секілді елдердің орны бөлек. Келесі жылы біз Қазақстанның елшілігін осы өңірдегі жетекші мемлекеттердің бірі Мексикада ашуды жоспарлап отырмыз», - деді Сыртқы істер министрі.