ҚР СІМ басшысы дипломатиялық корпус және «EUROBAK» қауымдастығының шетелдік іскер топтары өкілдерімен кездесті

АСТАНА. 31 қазан. ҚазАқпарат - Елордада 30 қазан күні ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Қазақстандағы Еуропа бизнес-қауымдастығының шетелдік іскерлер топтары және дипломатиялық корпус өкілдерімен кездесті,

деп хабарлады СІМ баспасөз қызметінен.

Кедесуге 50-ден астам елші, ірі шетелдік компаниялар және бірлескен кәсіпорындардың жетекшілері қатысты.

Өз сөзінде Е.Ыдырысов "шетелдік инвестицияны тарту - Елбасы қойып отырған Қазақстанды индустрияландыру міндеттерінің бірі" екендігін атап өтті. Оның тиімді шешімі жаңа технологиялар трансфертін, жаңа жұмыс орындарын құру мен елге ірі өндірістік компаниялардың келуін қамтамасыз етеді.

«Ауқымды қаржылық-экономикалық дағдарыс жылдары бүкіл әлем бойынша тікелей шетелдік инвестициялар ағыны бәсеңдесе де, Қазақстанда бұл бағытта одан әрі өсу байқалады. Бүгінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 400 инвестициялық жоба бойынша шамамен 83 млрд. доллар сомаға жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Е.Ыдырысов.

ҚР СІМ басшысы сонымен бірге, кездесуге қатысқандардың сұрақтарына жауап беріп, оларды «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесіне қатысуға шақырды.