ҚР СІМ басшысы саясаткерлердің ойламай айтқан сөздеріне пікір білдірді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжілістегі Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қазақстанға қатысты ұнамсыз пікірлер туралы ойымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Министрдің сөзіне қарағанда, Мемлекет басшысы айқындаған қазақстандық дипломатия мен сыртқы саяси бағыттың күші барлық мәселелерге қажетті әрі дұрыс жауап табуға негізделген.

«Менің ойымша, ресейлік депутаттың (бұдан бұрын БАҚ-та РФ Мемлекеттік Думасы депутатының айтқан сөзі жарияланған еді) асығыс жасаған тұжырымы жағдайында, сондай-ақ «Euronews» телеарнасына берген сұхбатында Қырғызстан басшысының айтқан сөзіне байланысты жағдайда да дипломатиялық арналарда біздің екіжақты хат алмасуларда және біздің дипломаттар жүргізген ресми кездесулерде тиісті жауаптар алынды. Осы орайда ресейлік өкілдің сөзіне оның Мемлекеттік Думадағы және Федерация Кеңесіндегі әріптестері тарапынан тиісті баға берілді. Ал Қырғызстанға қатысты жағдайға тоқталатын болсақ, мен бүгін бұл мәселені аса шиеленістіргім келмейді. Біз қырғыз әріптестермен ортақ пайымға келдік, екі елдің сыртқы істер министрліктерінде кездесулер де өтті. Сонымен қатар Қырғызстан Президенті Әкімшілігінде де кездесу болды»,-деді Әбдірахманов.

Сонымен қатар ол Қазақстан Орталық Азиядағы елдермен стратегиялық серіктестік қадамдарын жүзеге асыруға бағытталған ынтымақтастықтың кешенді бағдарламаларын құруға ниетті екенін атап өтті.

«Министр ретінде барлық деңгейлерде қырғыз әріптестермен  қалыптасқан өзара байланыстарға көңілім толады. Меніңше, осының барлығы біздің халықтардың мүддесіне, сыртқы саяси басымдықтарға сай келеді»,-деп түйді сөзін министр.