«ҚР Сыртқы істер министрлігіне 2013 жылғы Бостон марафонындағы жарылыстан кейінгі соттық тергеуге тартылған қазақстандықтардың ісі бойынша көмек көрсетуде ҚР СІМ қандай рөл атқаруда деген сауал келіп түсті. Осы орайда айтарымыз, дипломатиялық миссияларда соттағы айыпталушыларға заңгерлік қорғауды жүзеге асыру құзыреттілігі жоқ екенін ескере отырып, қорғаушыларды жалдау бойынша олардың ата-аналарына көмек көрсетілді», - делінген таратылған мәліметте.
Сонымен қатар, қысқа мерзімде тұтқында отырған студенттерге жақындарының кездесуі мәселесі шешілді. Және қорғаушылар кез келген күні оларға бару құқығына ие болды.
ҚР СІМ мәліметіне қарағанда, Қазақстан консулы соңғы рет қазақстандықтар отырған түрмеге 30 сәуірде барып қайтқан.
«Қамауда отырған студенттердің денсаулығы мен психологиялық жағдай қалыпты. Олардың қорғаушылармен және ата-аналарымен байланысы тұрақты түрде іске асырылады. Сонымен бірге ата-аналарына визалар алуға көмек көрсетілді. Аталған мәселе ҚР СІМ-нің ерекше қадағалауында»,-делінген ведомство хабарламасында.
Естеріңізге сала кетейік, Бостон марафонының мәресінде болған жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді деп айыпталған Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа қатысты сот ісі процесі 2014 жылдың маусымына белгіленді.