АСТАНА. 16 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Сыртқы істер министрлігінің Астанадағы және АҚШ-тағы өкілдері Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевқа қатысты сот процесінің барысын және аталған қазақстандық студенттердің құқықтарының сақталуын жіті бақылап отыратын болады. Бұл туралы аталған ведомствоның баспасөз қызметінен хабарланды.
Үстіміздегі жылдың 15 қаңтар күні Бостонда Джохар Царнаевтың ісі бойынша айғақтарды жойды деп айыпталған қазақстандық студенттер Азамат Тәжаяқов пен Диас Қадырбаевтың қатысуымен кезекті сот алдындағы тыңдауы болып өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Бостон марафонының мәресінде болған жарылысқа қатысты істі тергеуге кедергі келтірді деп айыпталған Диас Қадырбаев пен Азамат Тәжаяқовқа қатысты сот ісі процесі 2014 жылдың 23 маусымына белгіленді. Бостон федералдық судьясы Мэриэнн Боулер кезекті сот отырыстардың бірінде осындай шешім шығарды.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.