ҚР СІМ Буркина-Фасодағы лаңкестік әрекетке қатысты мәлімдеме жасады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Буркина-Фасо Республикасы Уагадугу қаласында орын алған лаңкестік әрекетіне қатысты ҚР Сыртқы істер министрлігі мәлімдеме жасады. Аталған мәлімдеме ведомствоның сайтында жарияланды.

«Қазақстан Республикасы 2016 жылғы 16 қаңтарда Буркина-Фасо астанасы Уагадугу қаласында орын алған және нәтижесінде ондаған жазықсыз азаматтың өмірін қиған лаңкестік әрекетті қатаң және сөзсіз түрде сынайды.
Буркина Фасо билігін толығымен қолдай отырып, Қазақстан мемлекет пен өңірдің лаңкестікке қарсы күрес әрекеттеріне ниеттестігін білдіреді», делінген хабарламада.

Ары қарай мәлімдемеде лаңкестік салдарынан қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтылған.
«Әлем бойынша лаңкестердің қылмыстық әрекеттерінің белсенді бола түсуі аясында, аталған құбылыспен табанды күресте халықаралық қауымдастық күштерінің бірігуіне және БҰҰ қарамағында жаһандық лаңкесттікке қарсы желі құруға шақырамыз», - делінген мәлімдемеде.