ҚР СІМ-де «Адами өлшем жөніндегі үнқатыс алаңы» консультативтік-кеңес органының үшінші кездесуі өтті

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрлігі ғимаратында ерекше тапсырмалар бойынша елші Үсен Сүлейменнің төрағалығымен «Адами өлшем жөніндегі үнқатыс алаңы» консультативтік-кеңес органының (ККО) үшінші тақырыптық кездесуі өтті, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен.

Оған азаматтық қоғам, министрліктер және ведомстволар, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Конституциялық кеңес, сондай-ақ, ҚР Парламентінің өкілдері қатысты.

Әділет министрлігі Халықаралық шарттарды сараптау департаментінің директоры Э.Азимова, «Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан Халықаралық бюросы» кеңесінің төрағасы Е.Жовтис, ҚР Конституциялық кеңесінің мүшесі В.Малиновский, сондай-ақ, «Халықаралық құқықтық бастама» ҮЕҰ сарапшысы А.Шорманбаев баяндамамен сөз сөйледі.

Кездесу барысында тараптар ҚР халықаралық міндеттемелерін, демократия саласындағы халықаралық құқық қағидаттарын, соттарда құқық қорғау және ұлттық қауіпсіздік органдарымен адам құқығын қорғаудың тиімді жүйесін құру үшін жүргізіліп жатқан реформалар, сонымен қатар ҚР әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті жағдайларды қалыптастыру мәселелерін сөз қылды. Кездесуге қатысушылар Қазақстан тарапынан жасалған жұмысты қорытындылады, сонымен бірге ҚР құқық үстемдігін одан әрі нығайтуға қажетті бағыттарды анықтап берді. Жиын қорытындысында елімізде заңның үстемдік құруын қамтамасыз ету жүйесін жетілдіру бойынша 13 ұсыныстан тұратын тізім қабылданды.

ККО келесі тақырыптық кездесуі 20 қыркүйекке белгіленген және ол адамның жеке құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету: өмір сүру құқығы, азаптау, адамды қатаң жазалау немесе оның ар-намысын таптау мәселелеріне арналады.

«Үнқатыс алаңы» мемлекеттік органдар, ұлттық азаматтық қоғам, сонымен бірге саяси партиялар және Парламент өкілдерінің қатысуымен өткен жылы іске қосылған еді. ККО аясында Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың төрағалығымен «Демократияны дамыту», «Заңның үстемдік құруы», «Адам құқығы» деген ККО-ның үш тақырыптық секторлары бойынша бірлесіп жұмыс істеудің ең қолайлы форматын анықтау үшін екі пленарлық кездесу өткен болатын.