ҚР СІМ-де Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығының келешегі талқыланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі Анатолий Ничкасовты қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, мазмұнды әңгіме барысында саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың өзекті мәселелері талқыланды.

«Алдағы екіжақты іс-шаралар кестесіне, бірінші кезекте, Беларусь Республикасының Президенті Александр Лукашенконың Қазақстанға сапарына ерекше назар аударылды. Экономикалық дипломатияның рөлін ескере отырып, тараптар екі елдің сыртқы саяси ведомстволарының жұмысында сыртқы істер министрліктері және шетелдік мекемелердің экспортты жылжыту жөніндегі қызметі бөлігінде тәжірибемен алмасты», - деді министрліктен.

Қазақстан ТМД шеңберінде Беларусьтің негізгі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді. 2018 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 680,7 млн АҚШ долларын құрап, 2017 жылмен салыстырғанда 7,6% артты. Экспорт көлемі 87,5 млн АҚШ долларын құрады.