ҚР СІМ: Фиджиде, Кипрде, Филиппинде жүрген Қазақстан азаматтары көшпелі дауыс беруді ұйымдастыруды өтінді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Фиджиде, Кипрде, Филиппинде жүрген Қазақстан азаматтары көшпелі дауыс беруді ұйымдастыруды өтінді. Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігі Әкімшілік және бақылау департаментінің директоры Қайрат Саржанов мәлім етті.

«Сайлау қарсаңында министрлікке кейбір Қазақстан азаматтары сайлау учаскелері құрылмаған елдерде, мәселен, Фиджиде, Кипрде, Филиппинде көшпелі дауыс беруді ұйымдастыруды өтінді. Оларға еліміздің заңнамасына сәйкес көшпелі дауыс беру жәшігін қолдану арқылы дауыс беру елшіліктер болған елдің шегінде ғана мүмкін екендігі түсіндірілді», - деді Қ.Саржанов.

Оның атап өтуінше, Қазақстан азаматының жарамды төлқұжаты болған жағдайда сайлау учаскесі бар таяу орналасқан көрші елге барып дауыс беру ұсынылған.

«Сыртқы істер министрлігінің веб-сайты мен шет елдегі мекемелердің интернет ресурстарында Қазақстанның шет елдердегі мекемелері жанынан құрылған сайлау учаскелерінің мекенжайлары мен байланыс мәліметтеріне қатысты ақпараттар ұсынылды», - деді департамент басшысы.