Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Нұржан Айтмаханов мәлім етті.
«Сыртқы істер министрлігі біздің азаматымыз Диана Назармен хабарласты. Өздеріңізге мәлім болғандай, кеше ол Израильден Түркияға ұша алмай қалған еді. Оның сөзіне қарағанда, жағдайы жақсы, әуе компаниясы оған қонақүйге тоқтауға мүмкіншілік жасаған. Сонымен қатар біздің Израильдегі Елшіліктің хабарлауынша, бүгін Түркия әуе компаниясы жергілікті уақытпен сағат 21-ге рейс жоспарлап отыр. Сол рейспен азаматшамыз Түркияға оралмақ», - деді Н.Айтмаханов.
Оның атап өтуінше, бұдан бөлек құрамында 10-15 адам бар қазақстандық туристер тобы да Түркияға ұша алмай қалған. Дегенмен біздің азаматтардың нақты саны анықталу үстінде. Тасымалдаушы әуе компаниясы олардың барлығын да қонақүйге орналастырған. Олар да бүгін кешкісін түркиялық әуе компаниясымен ұшып шығады.
«Сыртқы істер министрлігі біздің азаматтарымыздың барлығы да Түркияға ұшып кеткенше бұл мәселені жіті бақылауға алады және қажетті барлық көмекті көрсетеді», - деді СІМ өкілі.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ҚР ИЖТМ Туризм индустриясы комитеті барша қазақстандықтарды Израильде орын алып отырған ахуалға байланысты абай болуға және мұқияттылық танытуға шақырған еді.