ҚР СІМ қазақстандықтарға шетелде дауыс беруге жағдай жасайды - Е. Ыдырысов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәжіліс сайлауына сапалы дайындық, Иранмен экономикалық ынтымақтастықты дамыту, Африка елдерімен байланыстарды кеңейту, ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық - СІМ басты назарында.

Сыртқы істер министрлігінің басшылық құрамымен кезекті мәжілісте ведомство басшысы Ерлан Ыдырысов осы және өзге де міндеттер жайлы сөз қозғады, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі. «Министрлік алдында шетелдегі қазақстандық азаматтардың сайлауға қатысу үшін конституциялық құқықтарын іске асыруда барлық қажетті жағдайларды жасау міндеті тұр», - дей келе министр 20 наурызда өтетін ҚР Парламенті Мәжілісі сайлауына дауыс беру қарсаңында тиісті дайындық жұмыстарын ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берді.

Е. Ыдырысов Қазақстанның қатаң түрде ел заңнамасына және халықаралық стандарттарға сәйкес еркін және транспарентті сайлау өткізуге ықыластылығын ерекше атап өтті, сондай-ақ сайлауды бақылауға 11 халықаралық ұйымға шақырту жіберілгенінен хабардар етті, сонымен қатар ҚР ОСК өз әріптестері - 18 мемлекеттің орталық сайлау комиссиясына шақырту жіберген.