ҚР СІМ Қытай елшісінің посткеңестік елдер егемендігіне қатысты сөзіне пікір білдірді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров посткеңестік мемлекеттердің егемендігі мәртебесі туралы Франциядағы Қытай елшісінің мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы орайда ол 1992 жылы наурызда Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше мемлекет болғанын еске салды. Ұйымға қабылдау туралы шешімді Бас Ассамблея Қауіпсіздік кеңесінің ұсынымы негізінде іске асырады. Ал ҚХР аталған Қауіпсіздік кеңесінің тұрақшы мүшесі саналады.

«1991 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан өз Тәуелсіздігін жариялағаннан кейін Қытай еліміздің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын алғашқылардың бірі болып таныды. Көп ұзамай, 1992 жылғы 3 қаңтарда екі ел дипломатиялық қатынастарды орнатқаны туралы ресми түрде жариялады. Халықаралық құқық бойынша дипломатиялық қатынастарды орнату мемлекетті халықаралық құқықтың субъектісі ретінде тануды білдіреді», - деді А. Смадияров елордадағы баспасөз мәслихатында тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Оның сөзіне қарағанда, 2002 жылғы 23 желтоқсанда Қазақстан мен Қытай арасында тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы негізгі шартқа қол қойылды. Осы шартқа сәйкес, тараптар егемендік пен аумақтық тұтастықты өзара таниды және құрметтейді.

«Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы барлық нақты тармақтарды тізіп шықтым. Қытай Сыртқы істер министрлігі өз елшісінің әрекетіне қатысты түсініктеме беріп, өз ұстанымын білдірді», - деді ресми өкіл.

Бұған дейін Қытай Сыртқы істер министрлігі ҚХР ұстанымы дәйекті және айқын екенін айтқан. Бұл тұрғыда Қытай барлық елдердің егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын құрметтейтінін және БҰҰ Жарғысының мақсаттары мен принциптерін қолдайтынын жариялады.

Жақында Қытайдың Франциядағы елшісі Лу Шэй посткеңестік кеңістіктегі мемлекеттердің қазіргі халықаралық құқық бойынша мәртебесі жоқ екенін айтқан еді. Оның сөзінше, «бұл елдердің егеменді мемлекетер мәртебесін көрсететін халықаралық келісім жоқ».