ҚР СІМ Мексикада және Эфиопияда өз елшіліктерін ашпақ

None
АСТАНА. 16 қазан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мексика мен Эфиопияда өз елшіліктерін ашатын болады. Бұл туралы бүгін Парламент Сенатының Үкімет сағатында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.

Қазақстан жаңа өңірлерге көз тігіп, өзінің дипломатиялық шекарасын кеңейтуді бастайтындығын атап өткен ол: «Біз экономикалық мүмкіншілігі мол Африка құрлығымен қарым-қатынасты нығайтуға ниеттіміз. Таяуда Қазақстанның Оңтүстік Африка Республикасындағы елшілігін ашуды жоспарлаудамыз. Ағымдағы жылы ҚР Президентінің Оңтүстік Африка Республикасына сапары күтілуде. Ал келесі жылы біз Эфиопияда елшілік ашуды межелеп отырмыз. Бұл - Африканың саяси астанасы. Әрі онда африкалық одақтың штаб-пәтері бар», - деді ол.

Сондай-ақ, ол өз сөзінде Қазақстан Латын Америкасымен де өзара іс-қимылды жандандырып, таяуда Бразилияда Қазақстан елшілігінің ашылғандығын айтып өтті.

«Келесі жылы Мексикада да біздің елшілікті ашуға ниеттіміз», - деді Е. Ыдырысов.