ҚР СІМ Мина жазығында кептеліс салдарынан қаза тапқан қажылар қатарында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ Сауд Арабиясының Мина жазығында кептеліс салдарынан қаза тапқан қажылар қатарында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатыр.

«Меккеде адамдардың сығылысуы салдарынан қаза тапқандардың қатарында қазақстандықтардың бар-жоғын тексеріп жатырмыз. Осы күндері еліміздің 4000-дай азаматы қажылық парызын өтеп жатыр», - деді ҚР СІМ баспасөз қызметінің басшысы Ануар Жайнақов өзінің Твиттер-дегі парақшасында.

Еске сала кетейік, бүгін Сауд Арабиясының Мина жазығында кептеліс салдарынан қажылыққа барған 220-дан астам адам қаза тауып, 450-ден астам адам зардап шекті.

Мина жазығында қаза тапқандар мен жарақаттанғандар қай ұлт өкілдері екендігі туралы ақпарат келіп түскен жоқ.

Таңертең мұсылмандар үшін киелі қала - Меккеден бірнеше шақырым жерде орналасқан Мина жазығында мұсылмандардың Ид әл-Адха - Құрбан айт мерекесінің құрметіне оқылған намазға көптеген елдерден келген жүздеген мың қажы жиналған еді.