ҚР СІМ Минскідегі «норманд төрттігі» келіссөздеріне байланысты мәлімдеме таратты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Минск қаласында «норманд төрттігі» елдерінің көшбасшылары жүргізген келіссөздердің қорытындыларына қатысты мәлімдеме таратты. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлайды.

«Қазақстан ағымдағы жылдың 11 және 12 ақпан күндері Ресей, Украина, Франция елдерінің Президенттері және Германия Канцлерінің Минск қаласында «нормандиялық форматта» өткен келіссөздерінің нәтижелері мен Байланыс тобының Минск келісімдерін орындау бойынша Шаралар кешеніне қол қоюын қолдайды. Барлық тараптардың Украинадағы дағдарысты шешудің бейбіт процесін қамтамасыз ету бойынша қолданған шараларын жоғары бағалаймыз. Беларусь елінің келіссөздердің жемісті өтуі үшін жақсы жағдайды ұйымдастыруын атап өтеміз.

Тараптарды Украинаның оңтүстік-шығысында оқ атуды тоқтатуға, елдегі дағдарыстық жағдайды тұрақты етуге және тегіс қамтуға бағытталған қол жеткізілген келіссөздерді толық іске асыруға шақырамыз.

Қол жеткен келіссөздер деңгейі Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуропалық одақ арасында сенім диалогы мен өзара тиімді ынтымақтастықты орнату үшін алғышарттар мен жағдайлардың жасалуына септігін тигізеріне сенім артамыз», делінген ҚР СІМ мәлімдемесінде.