ҚР СІМ Өзбекстанда ұсталған қазақстандық туристердің мәселесін шешумен айналысуда

АСТАНА. 29 шілде. ҚазАқпарат. Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовқа Өзбекстанда қазақстандық туристермен болған оқиғаға байланысты ағымдағы жағдайды баяндады, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Қазақстандық сыртқы саясат ведомствосының басшысы аталған мәселе ҚР Сыртқы істер министрлігінің және Ташкенттегі қазақстандық Елшіліктің қатаң бақылауында тұрғанын жеткізді.

Атап айтқанда, ақпарат алысымен Елшіліктің консулы Ташкент облысының Газалкент қаласына барған болатын және онда Бастандық ауданы ІІБ біздің 12 азаматымыз ұсталғанын және олардың төртеуі қазір Кибрай қаласының оңалту орталығында екендігін растады. Ал қалған кәмелет жасқа толмаған сегіз азаматымыз Янгиюль кәмелеттік жасқа толмаған балаларға арналған арнайы қабылдау бөлімінде орналасқан.

Бір күннен кейін қазақстандық дипломаттар Бостандық ауданы ІІБ тергеу бөлімінің өкілдерімен кездесті. Олардың ақпараттарына сәйкес, қазақстандық азаматтарды өзбек шекарашылары Өзбекстан аумағында, Қазақстан жағынан Угам қорығының және Өзбекстан жағынан Бричмулла ауылды мекенінің жанындағы шекаралас таулы ауданда ұстаған.

28 шілде күні кәмелетке толмаған қазақстандық балалардың ата-аналары Ташкентке келіп, біздің дипломаттармен бірге кездесуге рұқсат алып, Янгиюль қаласында ҚР Консулының қатысуымен ұсталған қазақстандық кәмелетке толмаған балаларымен кездесті.

Ата-аналары олармен жеке сөйлесіп, балаларының жағдайлары қанағаттанарлық екеніне көздерін жеткізіп, қажетті киім-кешектерін, азық-түліктері мен жеке гигиена заттарын беруге мүмкіндік алды. Балалардың жалпы жағдайы қанағаттанарлық екені аталды; үш мезгіл тамақпен, медициналық бақылаумен және бос уақытпен қамтамасыз етілген.

Ата-аналар арнайы қабылдау бөлімінің басшылығымен кездесіп, жасалып отырған жағдай мен қызметкерлердің балаларға деген қатынасы жөнінде сұрастырды. Ата-аналардың балаларымен кездескеннен кейін уайымдары айтарлықтай басылды.

30 шілде күні балаларды Қазақстанға жіберу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Бүгін, 29 шілде күні, Кибрай қаласында ҚР-ның қалған төрт азаматымен елшіліктің қызметкерлерінің кездесуі күтіліп отыр.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі аталған іс бойынша Өзбекстан Республикасының Сыртқы істер министрлігіне вербальды нотасын жолдады.

«1963 жылғы 24 сәуірдегі Консулдық қатынастар туралы Вена Конвенциясының 36-бабының 1-тармағына сәйкес, болу мемлекетінің құзыретті органдарымен ұсталған, қамауға алынған, қайтыс болған және басқа да форс-мажорлық жағдайға түскен шетелдік азаматтар туралы ақпарат шұғыл түрде сол мемлекеттің диломатиялық мекемесіне жолдануы тиіс»,-деп аталған құжатта. Осыған орай, ҚР СІМ «аталған факт Қазақстан Республикасы мен Өзбекстан Республикасы арасында мәңгілік достық туралы Келісімге сәйкес орнаған достық қарым-қатынастарға сай келмейтінін» атап өтті.

Осы орайда ҚР Сыртқы істер министрлігі өзбек тарапына қазақстандық азаматтарды ұстауға қатысты орын алған жағдай бойынша түсіндірме беру жөнінде өтінішін жеткізді.

СІМ біздің азаматтармыздың құқықтарын қорғау бойыншы барлық қажетті көмекті атқарып отыр және біздің азаматтарымыздың тезірек босалып, Қазақстанға қайтуы үшін барлық тиісті дипломатиялық шараларды қолдануда.