ҚР СІМ шекаралас аймақтарда тұратын азаматтарға мемлекеттік шекараға құрметпен қарауды ескертті
«Қазақстан азаматтарына шетелге шығу барысында жергілікті ережелер мен заңдарды қатаң сақтау керектігін ескертеміз. Сыртқы істер министрлігінің ресми сайтында бұл мәселеге қатысты толық анықтамалық ақпарат берілген. Шекаралас аймақтарда тұратын азаматтарға мемлекеттік шекараға құрметпен қарап, оны тек қана тиісті өткізу бекеттері арқылы ғана өту қажеттігіне назар аударамыз»,-деді ол.
Айта кетейік, Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов Өзбекстан аумағына заңсыз кіргені немесе бекітілген тәртіпті бұзып мемлекеттік шекараны заңсыз өткені үшін жазаланатын субъектілер тізімін арттыруды қарастыратын Заңға қол қойды. Нақтырақ айтқанда, аталған Заңға сәйкес, Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 223 бабында қарастырылған жазалау шарасы біршама күшейтілді, яғни шекарадан заңсыз шығып немесе Өзбекстанға заңсыз кірген тұлғалар қатаң жазаланатын болады. Заңсыз көші-қон әрекетін екінші рет қайталаған азаматтар 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Аталған Заң бойынша Өзбекстан Қылмыстық кодексіне енгізілген өзгертулер мен толықтырулар 2013 жылғы 4 қаңтардан бастап өз күшіне енді.
«Осыған орай, Қазақстан Республикасының аумағынан тыс шығатын Қазақстан азаматтары баратын елдің миграциялық заңнамасы мен болу ережесін қатаң сақтауға тағы да назар аударамыз»,-деп ескеріп өтті Ж. Үсенов.