Бұл туралы бүгін ҚР Орталық сайлау комиссиясында өткен брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігі Әкімшілік және бақылау департаментінің директоры Қайрат Саржанов мәлім етті.
Оның атап өтуінше, шет елдегі сайлау учаскелері де жергілікті уақыт бойынша таңғы 7-00-ден кешкі 20-00-де дейін жұмыс істеуде. Уақыт айырмашылығына байланысты астана уақыты бойынша 3-те Токиодағы және Сеулдегі сайлау учаскелері ең бірінші болып ашылды. 16-00-де ең соңғы болып Вашингтон, Нью-Йорк және Оттавадағы сайлау учаскелері жұмысқа кіріскен.
«Токио мен Сеулдегі сайлау учаскелері астана уақыты бойынша сағат17-00-де өз жұмысын аяқтады. 18-00-де Бейжің, Шанхай, Гонконг, Үрімші, Куала-Лумпур, Сингапур, Ұлан-Батырдағы сайлау учаскелері де жабылды», - деді ол.
Қ.Саржановтың атап өтуінше, қазіргі уақытта шет елдегі 56 сайлау учаскесі жұмыс істеп тұр.
«Ең соңғы болып АҚШ пен Канадағы сайлау учаскелері 27 сәуір күні таңертеңгі 6-да жабылады. Шет елдердегі дауыс берудің қорытындысы туралы хаттама 48 сағаттың ішінде Есіл аудандық сайлау комиссиясына табыс етіледі», - деді департамент директоры.