ҚР СІМ шетелге шығатын азаматтарға арналған жадынама шығарды

АСТАНА. 12 желтоқсан. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Сыртқы істер министрлігі шетелге шығатын ел азаматтарына арналған жадынама шығарды. Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында ҚР СІМ ресми өкілі Алтай Абибуллаев мәлім етті.

«Соңғы уақытта Қазақстан Республикасы азаматтарының шет мемлекеттерде келеңсіз әрі қиын жағдайларға ұшырау санының ұлғаюына байланысты ҚР СІМ Консулдық қызмет департаменті еліміздің шетелге шығатын азаматтарына арналған жадынама әзірлеп, шығарды», - деді ол.

Оның атап өтуінше, жадынамада азаматтардың шет елдерге саяхат кезінде қиындықтарға тап болмауы үшін қарапайым кеңестер мен нұсқаулықтар берілген. «Бұл ел азаматтарының шетелдегі сапарын қауіпсіз өткізуге көмектеседі деген үміттеміз. Жадынама буклет түрінде және ҚР ұлттық төлқұжаты көлеміндей жасалған», - деді ресми өкіл.