ҚР СІМ Жапониядан Қазақстанға ұшуға ниет танытып отырған қазақстандықтардан елшілікпен шұғыл байланыс жасауды сұрайды

АСТАНА. 17 наурыз. ҚазАқпарат - 18 наурыз күні Нагоя қаласының Чубу халықаралық әуежайына Жапониядан Қазақстанға қайтуға ниет білдірген отындастарымызды Жапония елінен шығару үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің қосымша рейсі келеді деп күтіліп отыр.

Ұшақ Жапониядан жергілікті уақыт бойынша сағат 22.20-да ұшып шығады деп болжанған. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлайды.

ҚР Сыртқы істер министрлігі Жапонияда қалып отырған қазақстандықтар арасында осы әуе рейсі бойынша ұшуға ниет танытқандар болса, ҚР Елшілігінің қызметкерлерімен төмендегі ұялы телефондар арқылы хабарласуын сұрайды. Байланыс телефондары: 908-779-2706, 806-753-3535, 804-383-1306.

Бұдан бұрын хабарлағанымыздай, 15 наурыз күні таңертеңгі сағат 8-де бортында Жапониядан елге қайтарылған 85 азамат бар ҚР ТЖМ-нің Ту-154 ұшағы Алматы әуежайына қонды. Оның 69-ы Қазақстан, 16-сы Қырғызстан азаматтары.

Естеріңізге сала кетейік, 11 наурызда Жапонияда жойқын жер сілкінісі болды. Жерасты дүмпулері Токиода сезіліп, ғимараттардың ішінде жиһаздар құлап, терезе шынылары зақымданған. Жер сілкінісінің қуаты 8,9 балды құраған. Ал зілзала ошағы 10 шақырым тереңдікте орналасқан. 17 наурыздағы мәліметтер бойынша, жойқын зілзала салдарынан қаза тапқандар мен із-түзсіз жоғалғандардың саны 15 мың адамнан асады. Бұл туралы жергілікті БАҚ ақпараттарына сілтеме жасай отырып Утро.ру агенттігі хабарлады. .Полиция мәліметтеріне сүйенсек, опат болғандардың саны 5 мың 426 адамды құрайды. Ал 9 мың 594 адамнан хабар-ошар жоқ.


ҚР СІМ баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 наурыз күні Жапонияны шарпыған сұрапыл табиғи апатқа байланысты, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Күншығыс елінің халқына көңіл айту жеделхатын жолдады. Қазақстан осыншама қасіретті кезеңде достас жапон халқына жан-жақты жәрдем беруге, оның ішінде гуманитарлық көмек, құтқарушылар мен өзге де қажетті мамандарды жіберу арқылы қол ұшын беруге дайын екендігін білдірді. Бүгінгі таңда жапон тарабы көмектің нақты мөлшері мен түрін айқындауда.