ҚР СІМ жүйесінде «Болашақ» бағдарламасының 55 түлегі қызмет етеді - Е.Ыдырысов

АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ жүйесінде «Болашақ» бағдарламасының 55 түлегі еңбек етеді. Бұл туралы өзінің жеке блогында ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов мәлім етті.

Министрдің жазуына қарағанда, тәуелсіздік жылдары ҚР СІМ-нің шет тілдерін еркін меңгерген, белгілі бір аймақтар мен елдердің ерекшеліктерін білетін, дипломатиялық қызметте көп жылғы тәжірибелері бар едәуір кәсіби кадрлық құрамы қалыптасты.

«ҚР СІМ-нің орталық аппаратында және біздің шетел мекемелерімізде 85 доктор мен ғылым кандидаты, 198 магистрант, «Болашақ» бағдарламасының 55 түлегі қызмет етеді, сонымен қатар 376 қызметкер екі және одан да көп жоғары білімге ие. СІМ-нің қызметкерлерінің 70 пайыздан астамы шетел тілдерін біледі. Оның ішінде сирек тілдерді меңгергендер де жетерлік», - дейді министр.

Оның атап өтуінше, СІМ-нің ең басты кадрлық міндеттерінің бірі - дипломатиялық қызмет жұмысшыларын даярлау, қайта дайындықтан өткізу және олардың біліктілігін арттыру жүйесін үздіксіз жетілдіріп отыру.

«Бірқатар шетелдегі мекемелерімізде кадрлық дипломаттармен ғана емес, Инвестициялар және даму министрлігі, ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті және өзге де министрліктердің өкілдерімен бірлескен тәжірибелік жұмыстар жасалып отырады. СІМ мен Қазақстанның өзге мүдделі органдарының арасындағы аталған ортақ іс-қимылдары біздің елге шетел инвестицияларының арнасын кеңейтуге бағытталуда», - деді Е.Ыдырысов.