Жаңа басшыны Агенттік қызметкерлеріне ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов таныстырды. Үкімет басшысы бұрынғы басшы Ерлан Қожағапановқа жасаған жұмыстары үшін алғыс айтты, ал Т.Есентаев қазақстандық спортты жаңа деңгейге шығаруға барлық күш-жігерін жұмсауға уәде берді.
Тастанбек Есентаев 1960 жылы Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. 1985 жылы Қарағанды педагогикалық институтының бастауыш оқу және дене тәрбиесі, ал 2007 жылы Қазақстан-Ресей университетінің құқықтану факультеттерін бітірген.
Сондай-ақ, Бангкоктағы тай боксы университетінде «Тай боксынан жаттықтырушы-нұсқаушысы» курсынан өткен. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, самбодан спорт шебері, кикбоксингтен қара белбеу иегері.
Ол балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінде тай бокстан және кикбоксингтен жаттықтырушы, Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің директоры, Қарағанды облысының Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары қызметтерін атқарды.
Сонымен қатар, Қарағанды облысының Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі Спорт комитетінің төрағасы болып қызмет етті.
Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі Жоғары жетістіктер спорты және спорт резерві департаментінің директоры, Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары болып жұмыс істеген.
Тастанбек Есентаев агенттіктің бұрынғы басшысы Ерлан Қожағапановтың орнына келді.