ҚР Судьяларының VІ съезі: Қазақстанда электронды сот ісін жүргізу және оны одан әрі дамыту жоспарлануда

АСТАНА. 20 қараша. ҚазАқпарат - Қазақстанда электронды сот ісін жүргізу және оны одан әрі дамыту жоспарлануда.

Бұл туралы бүгін ҚР Судьяларының VІ съезінде Жоғарғы сот төрағасы Қайрат Мәми айтты.

«Сот төрелігін жүзеге асыру процесіне ақпараттандыруды кеңінен енгізу - уақыт талабы. Қазақстан соттарында сот төрелігін іске асыру процесін анағұрлым жетілдіруге, сот қызметіне қол жеткізуге және анықтығын қамтамасыз етуге ықпал ететін жаңа ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылуда», - деді ол.

Қ.Мәмидің атап өтуінше, бүгінгі таңда талап-арыздарды интернет ресурстарды пайдалау арқылы жүзеге асыратын елдер көп емес. Ал Қазақстанда отырыстар мен сот актілерінің дыбыс және бейне хаттамаларымен танысуға мүмкіндік берілген. Бұған қоса, барлық соттардың веб-сайттарындағы бірыңғай деректер базасынан тиісті ақпарат алуға да мүмкіндік бар.

«Электронды сот ісін жүргізу және оны одан әрі дамытуды жоспарлап отырмыз. Бұл сот жүктемесін біршама жеңілдетуге мүмкіндік береді. Электронды рәсімдер мен қызметтерді қамтып, ауқымын кеңейту, оларды мұрағаттармен қамтамасыз ету және электронды байланыстарды ретке келтіру де кезекте тұр», - деді Жоғарғы сот төрағасы.