ОРАЛ. 3 қазан. ҚазАқпарат - Батыс Қазақстан облыстық соты төрағасының міндетін атқарушы Бақытбек Бегалиевтің төрағалығымен облыс судьяларының конференциясы болып, онда Қазақстан Судьялар одағы облыстық филиалының төрағасы мен филиал кеңесінің мүшелерін және Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезіне делегаттар сайлау мәселелері қаралды.
Облыстық соттың баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, ашық дауыс берудің нәтижесінде судьялар қауымдастығы облыстық филиалының жаңа төрағасы болып Орал қалалық сотының төрағасы Ғалымжан Ищанов сайланды. Бес адамнан тұратын филиал кеңесінің құрамында облыстық сот судьялары Ниязбек Ділдәбеков, Ғизатолла Қырықбаев, Бөрлі аудандық сотының төрайымы Лариса Шамғонова, Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Ләззат Ұстағалиевалар бар.
Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезіне облыстан 23 делегат сайланды. Съезге сондай-ақ сот жүйесінің ардагері Нәсіпқали Жақыпов қатыспақ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).