ҚР Сыртқы істер министрі ЕҚЫҰ Бас хатшысы мен Мажарстан ұлттық экономика министрімен кездесті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесінің шеңберінде өтіп жатқан «Энергетиканың тұрақты дамуын қамтамасыз ету» атты министрлік конференциясы аясында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов екіжақты кездесулер өткізді, деп хабарлайды ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.

Қайрат Әбдірахманов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Ламберто Заньермен кездесу барысында ЕҚЫҰ күн тәртібі мәселелерінің кешені бойынша Қазақстанның конструктивті диалогты жалғастыруға дайын екенін жеткізді.

Тараптар еуропалық қауіпсіздік, ЕҚЫҰ жорық миссияларының жұмысы, экстремизм мен радикализацияланумен күресу, Орталық Азиядағы су ресурстарын басқару туралы диалог және ЕҚЫҰ-ның Ауғанстанмен өзара ықпалдасу перспективалары бойынша пікір алмасты.

ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемін одан әрі күшейтудың маңызы аталып өтті.

Л. Заньер Қазақстанды Халықаралық «ЭКСПО-2017» көрмесін сәтті ұйымдастыруымен құттықтады. 15-16 маусымда көрме шеңберінде 130-ден астам дипломатиялық және Ұйым мемлекеттерінің сарапшы орталары өкілдерінің қатысуымен ЕҚЫҰ Экономикалық-экологиялық форумына екінші дайындық кездесуі өтеді.
Мажарстан ұлттық Экономика министрі Михай Варгамен кездесу барысында экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссия мен іскерлік кеңесінің әлеуетін тиімді пайдалану маңызы айтылды. Қазақ-мажар ауыл шаруашылық тікелей инвестициялар қорының елеулі әлеуеті бар екендігі сөз болды.

М. Варга қазақ-мажар қатынастары орнатылғалы бері бері оларды дамытудағы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше рөлін басып айтты. Мажарстан министрі жақында іске қосылған Астана-Будапешт тікелей әуе рейсі іскерлік және гуманитарлық байланыстардың одан сайын дамуына оң әсерін тигізетіндігіне сенімді.

Тараптар Қазақстан мен Мажарстанның «Бір белдеу, бір жол» жобасына қатысу перспективаларын талқылады. Мажарстандық саясаткер сонымен қатар Орталық Азия мен Вышеград тобы арасындағы диалогты орнату идеясын қарастыруды ұсынды.