ҚР Сыртқы істер министрі ХКБ Бас хатшысымен кездесті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - ҚР СІМ ғимаратында Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахмановтың Халықаралық көрме бюросының (ХКБ) Бас хатшысы Висенте Лоссерталеспен кездесуі өтті.Бұл туралы СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен ХҚБ арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Қ. Әбдірахманов Астана қаласында өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық мамандандырылған көрмесіне дайындық пен оны өткізу туралы мәлімет берді.

Сондай-ақ қазақстандық дипломат Астана көрмесі шеңберінде жоспарланған маңызды іс-шаралар туралы хабарлады. Олардың ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті және Ислам ынтымақтастық ұйымының ғылым және технология жөніндегі бірінші саммитінің өткізілуін ерекше атап өтті.

Өз кезегінде В. Лоссерталес ЭКСПО-2017 көрмесін ұйымдастырудағы қол жеткізген жетістіктерді жоғары бағалап, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ЭКСПО-2017 аяқталғаннан кейін оның инфрақұрылымын пайдалану туралы бастамаларының маңыздылығын атап өтті.

Сонымен қатар Халықаралық ұйым жетекшісі Еуропалық одақ пен Біріккен Араб Әмірліктері, Сингапур және Малайзия елдерінің азаматтары үшін енгізілген визасыз режімнің маңыздылығын атап өтті.

Кездесу соңында Сыртқы саяси ведомствоның басшысы В. Лоссерталеске 2017 жылғы 22-23 ақпанда өтетін «ЭКСПО-2017» Халықаралық қатысушыларының үшінші жиынының сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.