ҚР Сыртқы істер министрі Латвия Республикасы СІМ-нің Мемлекеттік хатшысымен кездесті

None
АСТАНА. 11 сәуір. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Латвия Республикасы Сыртқы істер министрлігінің мемлекеттік хатшысы Андрис Тейкманисты (Andris Teikmanis) қабылдады.

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінің хабарлауынша, әңгімелесушілер қазақстандық-латвиялық ынтымақтастық дамуының ағымдағы жағдайы мен болашағын қарастырды, халықаралық ұйымдар аясындағы өзара әрекеттестік бойынша пікірлерімен алмасты.

Кездесу барысында Е.Қазыханов әңгімелесушісіне Астананың сыртқы саяси бастамаларын таныстырды, атап айтқанда, 2010 жылы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі барысында, «Еуропаға жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Орталық Азиядағы ЕО Стратегиясын іске асыруда қолдағаны үшін ризашылығын білдіріп, «Латвия Қазақстанның Балтық аймағындағы маңызды әріптесі болып табылады» деп атап өтті.

Е.Қазыхановтың пікірінше, сауда-экономикалық ынтымақтастықты оңтайландыру үшін қазақстандық-латвиялық сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша үкіметаралық комиссияның әлеуетін пайдалану қажет.

 Экономикалық ынтымақтастықты жандандыру саласында сыртқы саясат ведомствосының басшысы Қазақстанның Латвиямен тауар айналымының жоғары деңгейін атап өтіп, сонымен бірге бұл саладағы үлкен болашақтың бар екенін атап көрсетті. Осыған байланысты министр «біздің елімізде бизнесті жүргізу үшін қолайлы жағдайлар құрылған» деп атап өтіп, А.Тейкманисті Қазақстанның үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен және Кедендік одақ басымдылықтарымен таныстырды. Кездесу барысында сондай-ақ транзиттік-көліктік саладағы өзара іс-қимылдың болашағы, атап айтқанда, Батыс Қытай-Батыс Еуропа жобасын іске асыру орайындағы перспективалары қаралды.