ҚР Сыртқы істер министрлігі еліміздің ИКҰ Сыртқы істер министрлері кеңесіне төрағалығының логотипін ұсыну бойынша ашық конкурс жариялайды

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - ҚР Сыртқы істер министрлігі еліміздің Ислам конференциясы ұйымының сыртқы істер министрлері кеңесіне 2011-2012 жылдардағы төрағалығының логотипін ұсыну бойынша ашық конкурс жариялайды.

Бұл туралы бүгін елордада өткен баспасөз мәслихаты барысында ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов айтты.

Оның атап өтуінше, байқауға қатысуға ниет танытқан азаматтар 24 қаңтар мен 24 ақпан аралығында өз ұсыныстарын Сыртқы істер министрлігіне жіберулері қажет.

«Төрағалық логотипі қауымдастылық, заманауилық, бірегейлік және есте қаларлық сынды базалық талаптарға сәйкес келуі керек. Яғни қауымдастылық қатары арқылы Қазақстанның бірегей образына теңдестірілуі шарт», - деді ол.

Конкурстың ережелерімен Сыртқы істер министрлігінің веб-сайтынан танысуға болады.